Қасқырбай Мұхамбеджанов: Ескіден жеткен әңгіме

Жаугершілікті, тарихтың ақтаңдақтарын көрген әрбір қазақ ауылы талай құпияны бүгіп жатыр. Ескінің сөзін көңіліне түйген аға буын өкілдері ауылын, онда жасаған, ауылдарының тарихын, оның атын шығарған перзенттері туралы құлақта қалғандарын талай жерде айтып, жазып жүр. Өскен елдің, туған ауылдың тарихы айтылса, құлақ түре елеңдесіп, шұрқырасып қалатын жылқы мінезді қазақтың баласымыз ғой. Мөлдір сулары шалқыған, жасыл тал-құрағы жайқалған, сұлу табиғатымен көз тартатын, бұрынғы заманда құттықтың жері болған Ағайдар туралы Қант әжемнен қалған ескінің әңгімесін менде көп ойланып, кейінгіге жеткізуді парыз санадым. Әжем он үш жасында Дүйсен қажы атасының шаңырағына «қол бала» келін болып түсіпті. «Балаң кезімнен «Бірінші күн» қажы атамызға қызмет жасадым, ол кісімен табақтас болған талай игі жақсының батасын алдым, ел арасында көп айтыла бермейтін ескі әңгімелерін естідім, соның бірін айтып берейін» — деп бастаушы еді жарықтық.
Әлқисса, сонымен 200 жылдан бұрын жарқыраған жаздың бір күнінде, соңында азығын, керек-жарағын артқан аттары, мылтығы шошайған 15-шақты қарулы салт атты күзетшілері бар екі жабық (күркелі) арба негізгі керуен жолдан Ағайдарға бұрылғанын шолғыншылар жеткізеді. Тез арада 30-40 шақты адам бес қаруын асынып атқа қонады. Қыр үстінде қарулы салт аттылардың шебін дүрбімен көрген жолаушылар тоқтап, екі салт аттыны қазақ жасағына жібереді. Жақындай бере аттының бірі татарша «атпаңдар сөйлесейік» — деп дауыс береді. Жіберген жаушы жанындағы татар тілмаш арқылы орыстар екендерін, алыс жолдан шаршап келе жатқандарын, мырзасы ауылдың иесінен бір күн тоқтауға, өздерінде, аттарында тынықтырып алуға рұқсат сұрайтынын жеткізеді. Ауыл биінен рұқсат алған жігіттер орыстарды ауылдан аулағырақ апарып түсіреді. Қонақтар шатыр тігіп демалуға бекінгенін түсінген ауылдың игі жақсысы қой болмас, діні бөлек болғанымен адам баласы ғой деп қонақасы беруді ойласады. Не керек, қазірде мал сойылып, қазанға салынып, жуан орыс нөкерлерімен кешкі қонақасыға шақырылады. Татар тілмаш орыс мырзасы шамалы жерге беделі жүретін шылқыған бай екенін, жігіт болып қалған жалғыз баласы дертке шалдыққанын, соны Қызылбастың еліне емшіге апара жатқанын түсіндіреді.

Күші мықты артымен диірмен тартады демекші, жолшыбай баласын емдеп отыруға дәрігер ертіп, қарулы күзетпен жүрген тегін адам емес екенін түсінген қазақ байлары ертесіне тағы шақырады. Шатырдағы дәрігерінен жол соқты болған науқас баласы тынығып қалғанын естігесін тағы бір күн аялдауды ұйғарады. Қазақтан құрмет көрген орыс мырзасы үшінші күні аттануға бекінеді. Ақсаған, жауыр болған аттарын айырбастап, мылтық беріп тың аттар алып, енді жүреміз деп тұрғанда арбаға қайта салғанды көтере алмай ауру жігіт «жүріп» кетеді. Әжем марқұмның «орыс әлде қалай болады деп табыт ағашын өзімен бірге алып жүрсе керек»-деген сөзі әлі құлағымда тұр. Жалғыз мұрагерінен айрылған орыс сақалын жуып көп егіліпті. Аптап ыстықта сүйекті еліне жеткізу мүмкін болмайтынын түсінгесін, баласын топырақ бұйырған жер осы екен деп, қорымға қоюға рұқсат сұрайды. Мұсылман салты бойынша қорымнан қырық қадам белгіленіп көр қазылады. Қайғыдан қан жұтқан мырзаның көңілін аулап жүрген қазақ байлары «адамдарың шаршамасын»-деп, жерді жалшыларына қаздырады. Шыттай жаңадан киіндірген өлікті табытқа салысып, көміседі. Ал тірі адам тіршілігін істеу керек, жолаушының қақысы жүрсе бітеді дегендей орыстар тағы бір күн алданып елдеріне кетеді.
Тағы бір екі күн өткенде жерлеу рәсімін көрген екі жалшы жігіт оңашада ақылдасады. «Бұл не деген әділетсіздік үстімізде бүтін киім жоқ, ал анау өлген орысқа не киім керек, енді ит арқасы қияннан кім келер, келсе қазып көрмес» — деген сыбырмен екеуі көрді бір түнде қазып, өліктің киімін бөліп алып, киімдерінің ішінен киеді.Бір күнге жетпей екеуі де күп болып ісініп, түстен кейін жатып қалады. Жақын-жуықтары, тай-құлындай бірге өскен қатар-құрбы көңілдерін сұрап, беттерінен сүйіп дегендей, абыр-сабыр болса керек.Өкінішке орай екеуі де келесі кешке жетпей көз жұмады. Атпалдай азаматтарынан айрылған жақындары зар еңіреп, оларды ақ жуып арулап жер қойнына бергенше, бірталай адам ауыра бастайды. Аурудың қайдан шыққанын түсінгенше ауруға иммунитеті жоқ, орыстардай дәрісі жоқ қайран елді эпидемия жайлаған екен. Аурудың аса қауіпті жұқпалы екенін түсінген, ескіше сауаты бар кісілердің нұсқауымен ауырып үлгірмеген жұрт бөлек көшіріліп, маңайдағы елге жан керек болса Ағайдарға жоламау хабарланыпты.Сыртынан бақылау қойған ел ағалары қыбырлаған жан көрінбегесін, аптап ыстықтан мәйіттің исі аңқыған ауылға бет аузын тұмшалап, атпен аралаған бақылаушының «кім бар» — деген айғайына ешкім шықпағасын, үйді-үйге бас сұғып қараса төсектерінде жатқан қалпында, тіптен бесікке сүйеніп бала емізген қалпында қатып қалған келіншекті көргенін айтқанда ел теңселіп кетіпті. Өлсек өлерміз жақындарымыздың сүйегін өз қолымызбен жер қойнына тапсырамыз деп өзеурегендер де болған екен.

Елдің сол кездегі биі: «қалған елді қырайын демесеңдер ешқандай ақ жуып жерлеуге жол берілмейді, Ағайдардағы ауылдан сынық ине алынбай сол қалпында өртеледі» -деп түсін суытып, дауыс көтеріп жұртты әрең басыпты. Ауылды өртеуге барған кісілерге де «бүлінгенен бүлдіргі алмаңдар» деген сөз қатаң ескіртілген.Сөйтіп өзен жағалай қонған киіз үйлі ауыл жел жағынан от қойылып, бірлі-жарымды үйден шығып сыртта өлгендер жатқан жерінде өртеліп көмілген екен. Осы әңгімені айтқан әжем: «иә қарақтарым сол ақ сақалды қариялардың арғы аталарынан қалған ескертуді, сендер де біліп жүріңдер әлі осы күнге дауылдан кейін құмнан ашылып қалған сүйек көрсеңдер қолмен ұстамаңдар»-деп еді жарықтық. Содан Ағайдарға үш жылдай қоныстануға ешкімнің батылы бармаса керек. Бізбен 6-атадан қосылатын Желдібай атамыз (Әбікәров Сақтағанның арғы аталары) нағашыларынан бос жерді сұраған екен.Сөйтіп құттықтар Ағайдарды жиендеріне береді. Біздің Ақташыда киіз үй өндірісін жолға қоюы арқылы, шеберлігімен Ағайдардың даңқын шығарған, өз еңбегімен дәулет жинап қажылыққа барып, жасы жүзден асып қайтқан Қоғылеке би (Қоғылбай) өткен.

Әжемнің айтуынша Торғай өлкесінің байларын былай қойғанда Қарсақпай мен Ырғыз арасындағы елдің байлары ол кісінің оюлы үйлеріне бірінен бірі салтанатымды асырам деген бәсекемен тапсырыс беріп істетеді екен. Кейін кеңес үкіметі кезінде 1934-35 жылдары өзен жағасына суармалы тары т.б. дәнді дақылдар егу үшін Жалдамаға бөгеттер салынады. Бөгет салынғасын жағадағы үйлерді су басу қауіпі туындап Жалдаманың арғы бетіндегі біздің Тамшы әулеті Ағайдардағы туыстарына көшеді. 1935 жылы жаңа қонысқа көшкенде туған ағамыздың атын Ерғоныс қойдық дейтін әжем. Ол кісі биыл 83 жасында Ағайдарда қайтыс болды. Айтпақшы әжемнің Қызылбас деп отырған елі – Иран екенін кейін білдім, әрі осы әңгімеден екі ғасыр бұрын орыстардың жандары қысылғанда Ираннан ем іздегенін, бірақ астамшыл саясат оның ізін қалдырмай өшіргенін түсіндім.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *