«Алтай-Қобда қазақтарының домбыра және сыбызғы күйлері» кітабы оқырманға жол тартады

Бүгін  Елордадағы ҚР Ұлттық музейінд, есағат 15:00-де,  «Қазына» сериялық басылымы аясында жарық көрген М. Хұсайынұлы, Қ. Ахмерұлының «Алтай-Қобда қазақтарының домбыра және сыбызғы күйлері» атты кітабының тұсаукесері өтеді.

Мемлекет басшысы «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында көнеден мирас ретінде жеткен рухани мәдени мұраларымызды (салт-дәстүр, әдет-ғұрып, музыкалық мұра, зергерлік өнер, Табиғат пен Ғаламға қатысты ілімдер мен дағдылар т.б.) сақтау, жіті зерттеу, жаңғырту, жандандыру, насихаттау мен болашақ ұрпаққа жеткізуге ерекше назар аударғаны белгілі.

Қазақ халқының мәдени мұрасына қатысты жаңа деректер мен зерттеулерді, қорытынды еңбектерді өзектілігіне сай әр тараптан жинақтап, толықтырып, сараптап, жариялап, ғылыми айналымға енгізу мен насихаттау мақсатында ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты 2016 жылдан бастап «Қазына» сериялық басылымын шығаруды қолға алды.

Аталған серияның 4-ші шығарылымында Моңғолиядағы қазақтардың шертпенің алтайлық үлгісіндегі 321 домбыра және сыбызғы күйлері алғаш рет жинақы түрде толыққанды еңбек ретінде жарияланып отыр.

Кітапты Қобда бетіндегі қазақтардың күй өнерін алпыс жыл бұрын алғаш ғылыми зерттеуді бастаған, ел ішінен сол қалпында, еш өзгеріссіз жинақтаған, нотаға түсірген қайраткер, алдыңғы буын ағаларымыздың жазуы еңбектің құндылығын арттыра түссе керек.

Мұсайып Хұсайынұлы – күйші, сазгер, дирижер, Қазақстан және Моңғолия композиторлар одағының мүшесі. Моңғолиядағы қазақтар тарихында алғаш рет опера, балет, симфониялық шығармалар жазып музыка өнерін кәсіби деңгейде дамыту ісіне елеулі еңбек сіңірген қайраткер. 100-ден астам авторлық және халық ән-күйлері мен классикалық шығармаларды оркестрге өңдеп түсірді.

Қабыкей Ахмерұлы – күйші, сазгер, Моңғолияның еңбек сіңірген әртісі, 30 күймен 20 әннің авторы. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары Моңғолия қазақтарының ән және күйлерін алғаш жинақтап, құрастырған қайраткер. Қабыкей Ахмерұлы 2012 жылы Атамекенде қайтыс болды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *