Алтайдан Анадолыға көшкен қазақтар туралы фильм жарық көрді

«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» төрағасы Зауытбек Тұрысбеков шеттен келген қандастармен кездесу барысында «Ұлы көш» атты фильм түсірілгенін мәлімдеді.

Жиын барысында Қауымдастық төрағасы «Алыстағы ағайын» атты сиклменен АҚШ-та жүрген төрт қазақ азаматты жайында фильм түсіргендіктерін, сондай-ақ жақында Түркияға барып, ола жақтағы қандастардың тарихы жайлы «Ұлы көш» фильмін әзірлегендіктерін жеткізді.

«Түркияда 35 мың қандасымыз бар. Солардың тарихын нақты білмесек те шет жағасын біліп отыратынбыз. Сол жерде Мансұр Тәйжі деген 75 жастағы ағамызбен сұхбаттасудың реті келді. Ол 1951 жылы Алтайдан Түркияға көшкен кезде 7 жасар бала екен. Ол көшті оның әкесі Құсайын бастап барыпты. Олар көш барысында Гималай, Тибет таулары арқылы 3 мың шақырым жерді басып өткен. Көбісі жаяу болған және бұл аралықты тоғыз ай жүріпті. Мансұр аға өзі тұратын үйді музейге айналдырып жіберген, онда сол кездегі суреттер, құжаттар сақталған. Ол кісіні сөйлетіп, 20 минуттық фильм жасадық», — деді ол.

Зауытбек Тұрысбековтың айтуынша, тарихта 20-шы, 30-шы жылдары көштер көп болған, алайда бұл фильм 1951 жылы болған көш жайлы. Яғни 1949 жылы Қытайда коммунистер билікке келген соң ондағы қазақтар 1951 жылы көшкен.

«Бұл көште 20 мың адам болған, Гималай, Тибет асып Түркияға тек 2 мың адам ғана жеткен. Ол жерде көктем кезінің өзінде -27 болып тұрады екен. Оның 70 пайызы бала-шаға болыпты. Олардың артына Қытай коммунистері түсіп, соғыс болған. Қайтыс болған адамдарды жерлесе оны аюлар қазып алып, жеп қояды екен. Оның үстіне жер 30-40 см дейін мұз болып қатып қалған. Соны жылыту үшін от жағып, сол жерге адамдарды жерлеп, кейін оның үстіннен табын қойды жүргізіпті. Олардың қиының иісінен адамның иісі жоғалып, аю таба алмай қалады екен. Жалпы көштегі 20 мың адам қайда бара жатқанын білмеген, көш бастаушы Құсайын ағаның қолында тек компос қана болыпты. Үндістанға жеткенде ол жер жайлы, табиғаты да керемет болыпты, алайда «Сиырға сиынып жатқан халықта біз қалмаймыз деп» шешіпті. Ары қарай Пәкістанға жол жүріпті, онда АҚШ-тың елшілігі «біз сіздерді Америкаға алып кетейік» депті. Оларға да көнбей «біз тілі бір, діні бір Түркияға жетуіміз керек» деп сонда бет алыпты. Түркияға жеткенде Ата түрік «біздің бауырларымыз келді» деп жылы қабылдаған. Содан Стамбұлдан жер беріп, қайтарылмайтын несие берген. «Соның есебінен жұрт болдық, қазір 35 мыңға жеттік» деп отыр ақсақал. Онда өздерінің мәдени орталығы бар, ол жерге Қабанбай бабамыздың ескертішін орнатыпты. Сондай-ақ Ұлы көшті басқарған 21 адамның аты-жөні белгіленген. Мұндай көш адам тарихында болмаған екен. Кезінде жауынгерлер атпен талай жерді басып өтті ғой, алайда мынандай жаяу көш болмаған. Бұл тек қазақтың ғана қолынан келген. Сол себептен де фильмнің атын «Ұлы көш» деп қойдық», — деді ол.

Сондай-ақ осы сапар барысында 1951 жылғы көш жайлы бейнетаспаны тапқандарын айтып өтті.

«Сұрастыра келе оны Ұлыбританияның азаматтары түсіргенін білдік. Олар «мынандай халықты біз бұрын көрген жоқпыз. Бұл өзі қандай халық?» деп, сүйсініп түсірген екен», — дейді қауымдастық төрағасы.

baq.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *