Солтүстіктің тұрғындары қазақша атауларға неге қарсы?

Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Демек, бұл елдегі барлық жүйе ең әуелі қазақ ұлтының мүддесіне қызмет ету керек. Ал, ұлттық мүдденің басында – қазақ тілі тұрғанын ескерсек, онда бізге кеңес кезінен қалған ескі атаулардан арылу да аса маңызды. Өкінішке қарай, бұл сең солтүстік облыстарда  әлі де қозғалмай тұр.  

Өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысы, М.Жұмабаев ауданына қарасты “Вести” газетінде, сол аудандағы “Мәдениет және тілдерді дамыту” бөлімінің бастығы А.Хасенованың  “Имя легендарного батыра предлагается присвоить городу Булаева” атты мақаласы жарық көрді.

Онда автор Елбасының “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” мақаласын негізге ала отырып, өңірдегі біраз атаулардың өзгеруі қажет екендігін жазған. Және, Булаев кентінің атауын Батыр Баянға ауыстыру туралы мәселе көтерген. Сонымен қатар, Баян батырдың кім болғанын, тарихта қандай ерлік жасағанын да нақты деректермен келтірген.

Әрине, аудан М.Жұмабаев атында болса, онда аудан орталығы Мағжанның атақты поэмасымен аталуы — қай жағынан алсақ та үйлесімді. Алайда, бұл бастамаға жергілікті бірнеше тұрғын қарсы шығып, халықтан қол жинаған көрінеді. Тіпті олар дәріхана, магазин, емхана  маңында немесе Булаев көшелерімен жүріп өту арқылы ашық қарсылық көрсеткен. Бұл туралы жергілікті Петропавлоск news сайты жазды.

Ал, олар қызғыштай қорып отырған Булаев кім?

Булаев  — 1893 жылы өңірдегі болашақ станциясының құрылысында жұмыс істеп, сол өлкеге қоныстанғандардың бірі екен. Егер оның атын аудан орталығынан алып тастаса, тарихқа қиянат болады-мыс.

Бірақ, олардың айтып отырғаны қай тарих? Бұл әрекет шын мәнінде қазақ тарихына жасалған  қиянат  емес пе?

Осыдан бірнеше ай бұрын дәл осы облыстың кейбір тұрғындары Қызылжар қаласындағы бес көшенің де атауын ауыстыруға қарсы шығып, біраз дүрліккен еді. Тіпті, сол қарсылықтарына оқушыларды араластырып, Мәскеудегі тарихи атаулардың сақталғанынан үлгі алуымыз керектігін “ескерткен” болатын.

Одан бөлек, Оралдық бірнеше тұрғын Зеленов, Перемётное сияқты атаулардың өзгертілуіне наразылық білдірді. Ал, жақында ғана шығыстағы ауданның Алтай деп өзгергеніне қарсы шығып, арызданғандар бар екенін БАҚ беттерінен оқып қалдық.

Байқасаңыз, осындай қарсылық білдірушілердің басым көпшілігі орыс ұлтының өкілдері немесе келмеске кеткен кеңестік кезеңнің “тәтті” елесін әлі де аңсап жүрген зейнеткерлер. Алайда, олар — уақыт өзгергенін, тәуелсіз қазақ қоғамы бәрібір өз дегенін жасайтынын мойындағысы келмейді.

Шын мәнінде, солтүстіктегі тек, шағын қала, аудан, ауыл атаулары ғана емес, облыс орталығы Петропавл да өзінің тарихи Қызылжар атауын алуы керек. Бұдан бөлек, Павлодар, Семей мен Өскеменнің де кеңестік атауларын ауыстырып, тарихи есімдерін қайтаратын уақыт келді.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

Один комментарий для “Солтүстіктің тұрғындары қазақша атауларға неге қарсы?”

  1. Солтүстік Қазақстандағы ескіден келе жатқан жат жұрттықтардың елді мекендерге берілген атауын өзгерту әрине баяғыда іске асырлуы керек еді. Екі кемпір, бір шал қарсы шықты деп қарап отыру жарамайтын іс. Білім жүйесіндегі ешкімнен сұрамайтын реформа осыған керек сияқты. Ол үшін атқа мінер азаматтарымызға үлкен үгіт- насихат керек. Булаева, Антоновка, Якорь, Сергеевка айта берсең бұндай атаулардан аяқ сүрінеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *