Балалар қандай заттарды көп жұтады

Астанадағы №2 қалалық ауруханада «Балалар жұтып қойған бөгде заттар» тақырыбында брифинг өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Дәрігерлердің айтуынша, көбінде 5 жасқа дейінгі балалар әрдеңені жұтып қоя береді. Дегенмен, ауруханаға 15 жастағы жасөспірімдер де түсіп жатады. Бір жаманы, зардап шегуші балалар саны жыл санап артып келеді. Өткен жылы осындай 159 жағдай кездессе, биылғы 10 айдың өзінде осынша бала ем іздеп, ауруханаға жүгінген.

Балалар көп жағдайда ұсақ тұрмыстық заттарды, ойыншық бөлшектерін жұтып қояды. Бірақ оның ішінде батарейка, магнит, шеге секілді өткір әрі қауіпті заттар да кездеседі.

Дәрігерлер атап өткендей, әртүрлі заттар баланың асқазан-ішек жолдарына, отоларингологиялық органдарға, жоғарғы тыныс жолдарына тап болады. Тіпті көзіне барып түсетін жағдайлар да кездеседі. Ал тыныс жолдарына тап болған кезде ол кез келген органға — мұрынға, көмейге, трахеяға, кеңірдекке, өкпеқап қуысының тініне барып түсуі мүмкін. Ең қиыны — көмей мен трахеяға түскен бөгде зат. Ол жағдайда баланың тыныс алуы қиындайды. Шұғыл көмек көрсетпесе, 1-2 минуттың ішінде бала өліп кетуі мүмкін.

№2 қалалық аурухана бала ағзасынан алынған заттардың кішігірім көрмесін де әзірлепті. Себебі, брифинг мақсаты — бала денсаулығы мен өмір қауіпсіздігін қаперде ұстауды ересектердің есіне салу.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *