Асхат Қасенғали: САЙРАГҮЛ мен У ХУНДА: ұқсас тағдыр, бөлек жолдар…

Қытайда «адам құқығы» деген сөз жоқ. Миллиондаған түрлі ұлттарды, тек қана өзге ұлт яки өзге салт ұстанушы, дін ұстаушы ретінде қудалау, үркіту, қорқыту, азаптау, өлтіру оп-оңай. Ол тіпті өз ұлтын да аямай, миллиондап қырып келеді.

Қытайдың түрлі аймағында азаптау лагерьлері өте көп. Олардың 60-жылдан астам тарихы бар. Фабрика, зауыт, ферма кейпінде салынып, қызмет ететін мұндай лагерьлердің шынайы санын ешкім білмейді. Кей деректер бойынша олардың саны 7-8 мыңнан асады. Әлемде ондай лагерьлер «лаогай» деген атпен белгілі. Осындай лагерьлердің бірінде әйгілі құқық қорғаушы У Хунда 19 жыл азап шеккен. 19 жасында мемлекеттік билікті айыптап, демократиялық құндылықтарды қорғауға шақырғаны үшін, оны 1960-жылы «лаогай» азаптау лагерьлерінің біріне жапты. 1979 жылы амнистияға ұшырағанға дейін У Хунда 12 лагерь ауыстырып, шахта мен шай плантациясында, кеніштерде қызмет етті. Күнде таяқ жеп, азап шекті. 1979 жылы амнистиямен шығып, 1985 жылы АҚШ-қа кетті. АҚШ азаматтығын алғаннан кейін, ол қытайлық лаогай лагерьлері жайлы ашық айта бастады. Халықаралық ұйымдар мен түрлі елдердің парламенттерінде сөз сөйледі, БҰҰ-да арнайы баяндама оқыды. 90-жылдары Қытайға барып, зерттеулер жүргізді. АҚШ азаматы болғандықтан Қытай оған ештеңе істей алмады. Алайда 1995 жылы У Хунда жасырын камерамен лаогай лагерьлерінің бірін түсіріп, АҚШ арналары арқылы көрсетті. Міне, сол сәтте Бейжіңнің төзімі таусылып, оны кезекті мәрте Қытайға келгенде тұтқындады. Оған «мемлекет құпиясын ашқаны үшін» 15 жыл түрме тағайындады. Дей-тұра АҚШ-тың қысымынан кейін оны босатып жіберді.

У Хунда Қытайдағы лагерьлер жайында көптеген еңбектер жазды. Солардың бірі «Лаогай: Қытай ГУЛАГы» (Laogai: The Chinese Gulag) деп аталады. Онда У Хунда лагерьлердің жүйесін толық сипаттайды. Күніне 16-17 сағат жұмыс істетіп, азаптайтынын, әлемдік нарыққа шығатын Қытай шайының 1/3 бөлігі лаогай лагерьлерінде өсірілетінін, түрлі ұсақ-түйекті лагерьдегі азап шегушілер жасайтынын ашық жазды. Оның есептеуі бойынша кемі лаогай лагерьлері Қытайға жылына 600 млн доллар пайда беретінін, ал азаптаудан жүздеген мың адам өлетінін күрсіне баяндады. Қытайлық бір затты алып тұрып, «бәлкім бұл лагерьдегі азапталған бір бейбақтың қолынан шыққан шығар» деген ой келетін болды басыма.

Әрине, У Хунда қазір әлемде әйгілі тұлғалардың бірі. Оның өмір жолы Қытайдағы адам құқығы үшін күрестің символі іспеттес.

Қарап тұрсам Сайрагүлдің де тағдыры У Хундадан кем емес. Баласы үшін шекара асып, қандастары азап шеккен лагерьлер жайындағы шындықты жайып салуы нағыз ерлік. Дамыған Батыс пен АҚШ біздің орнымызда оны «батыр» атап, арнайы «Адам құқығын қорғау» ұйымдарының сыйлықтарын тағайындайтын еді. Сайрагүл Қазақстанға емес, АҚШ-қа аттанғанда, Вашингтон әлемдік дабыл ұрар еді. У Хунданың өмірін қорғағандай қорғайтын еді. Сайрагүлге басынан кешкендерді жазғызып, әлемдік бестселлер жаздырарына мен кепіл. Бірақ өкінішке орай Сайрагүл біздің елде және оны әлемге танытпақ түгелі, өз елімізде қалдырудың өзі жұмбақ болып тұр. Ұқсас тағдырлардың жолдары бөлек сияқты(

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *