Елордада латын графикасындағы тұңғыш газет таныстырылды

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханада латын әліпбиінде жарық көретін «Til-Qazyna» республикалық ақпараттық-танымдық газетінің таныстырылымы өтті. Жаңа әліпбиде жарық көріп отырған тұңғыш басылым қараша айынан бастап айына екі мәрте басылады. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 19 ақпандағы №637 Жарлығында бекітілген латын негізді қазақ әліпбиін насихаттайтын, жаңа әліпбиге қатысты ақпаратпен, танымдық материалдармен бөлісетін бірегей басылым болары даусыз.

Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы қатысып, газет ұжымын және оның шығуына ұйытқы болып отырған Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Til-Qazyna» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына алғысын айтып, құттықтады.

Жаңа басылымның алғашқы санымен танысқан қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, газеттің толықтай жаңа әліпбиінде жарық көруін құптады.

«Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көтерілген болатын. Сол кезде Елбасымыз: «Оның өз уақыты келеді» деген еді. Міне, сол уақыт бүгін келді. Біздің кириллицаға үйреніп қалғанымыз саншолық, латын әліпбиіндегі мәтінді оқу қиынға соғатындай көрінетін. Бірақ, олай емес екен. Мына газетті ежіктемей жап-жақсы оқып отырмын. Бізге латын әліпбиі оралды. Құтты болсын!» — деді Мырзатай Жолдасбеков.

Газет таныстырылымы барысында өткен ғасырда латын әліпбиінде жарық көрген қазақ басылымдарының тарихына шолу жасалып, латын графикасындағы қазақ тілі әліпбиіне көшу кезеңдерінде жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы пысықталады. Сонымен қатар газеттің алдағы уақыттағы бағыты талқыланып, бүгінгі қоғамның күн тәртібінде тұрған емле мәселелері жайында ұсыныс-пікірлер тыңдалады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *