Данияр Елеусінов мансабын кәсіпқой бокста жалғастырады

Қазақстандық боксшы, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов мансабын кәсіпқой бокста жалғастырады. Спортшы америкалық Boxing Star менеджерлік компаниясымен келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды kunnews.kz ақпараттық агенттігі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.

Спорттық басылымның ақпараты бойынша боксшыны америкалық компанияның ұсынысы қызықтырған. Осыған дейін отандасымыз аустралиялық MJA Entertainment’s компаниясымен келісімге қол қойып, кейіннен шартты бұзған еді.

Данияр Елеусіновтің жаңа келісімшарты жайлы америкалық компанияның бас директоры Зия Алиев айта кетті.

– Компания боксшының жаттығуы, тұрғылықты орны мен өзге де қажеттіліктерін өз қарауына алады. Даниярдың негізгі жаттықтырушысы, әкесі Марат Елеусінов болады. Оған америкалық жаттықтырушы көмектеседі. Сондай-ақ компания боксшының имидждік жұмысына да көңіл бөледі. Нағыз бренд қалыптастырғымыз келеді, – дейді Алиев.

Компания мен боксшы 5 жылдық келісімшартқа қол қойған. Зия Алиев тағы бір қазақстандық боксшы Иван Дычкоға да назарын салуда.

Айта кетейік, Данияр Елеусіновтің кәсіпқой боксқа ауысатыны өткен жылы айтылған. Келісімшартқа қол қойғаны да хабарланған. Кейіннен боксшы әуесқой бокста қалатынын айтып, ұлттық құрамаға оралған. Жақында ғана Алматы облысындағы AIBA академиясында Ресей, Өзбекстан құрамаларына қарсы өткен тәжірибені шыңдау турниріне де қатысқан болатын.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *