Қанат енді чемпиондық титулға таласа бастайды

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам (25-0, 20 КО) The Ring нұсқасы бойынша 2017 жылдың үздік менеджері атағын иеленген әйгілі Эгис Климаспен келісімшартқа отырды. Климас қазіргі таңда Сергей Ковалев (31-2-1, 27 КО), Василий Ломаченко (10-1, 8 КО) және Александр Усик (14-0, 11 КО) секілді спортшылармен бірге жұмыс істейді. Осыған орай Климастың өзі де пікір білдірген.

– Қанатты өзімнің боксшыларымның тізіміне қосқаным үшін өте қуаныштымын. Ол жоғарғы деңгейлі боксшы. Қазақстанда бокс спорты – нөмірі бірінші болып саналады. Біз Қанатпен бірге көптеген жетістіктерге жетеміз. Бұл әсіресе қазақстандық фанаттар үшін ерекше жаңалық болмақ. Мен Қанатты әлемдік деңгейдегі боксшы деп есептеймін. Соққылары өте мығым. Бір ғана кемшілік – оны америкалық жанкүйерлер онша танымайды әрі бұған дейінгі қарсыластары да соншалықты атақтылар болмады. Біз енді басқа жолды таңдаймыз. Мейлінше чемпиондық атаққа бастайтын жолға түсеміз. Әрине, бірінші кездесуден кейін-ақ чемпиондыққа таласамыз деп айту қиын. Дегенмен бұл межеге бір-екі жекпе-жектен соң иек артуға болады, – дейді менеджер.

Қанат Ислам менеджердің қоластына кірген алғашқы қазақстандық боксшы да емес. Бұған дейін Климас бірінші орта салмақтағы Мадияр Әшкеев (8-0, 4 КО), Сағадат Рахманқұлов (1-0, 1 КО), Мейірім Нұрсұлтанов (5-0, 4 КО) және бірінші жартылай орта салмақтағы Асхат Уәлихановтармен де (2-1, 2 КО) келісімшартқа отырған. Бұл жаңалыққа қатысты Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко да өз пікірін айтты.

– Енді Қанатта жаңа өзгерістер басталуы тиіс. Ломаченко, Ковалев секілді боксшылармен жұмыс істеп жүрген маман Қанаттың бұрынғы менеджерлеріне қарағанда әлдеқайда тың серпін береді. Қанат қазірдің өзінде өзінің күшін, уақытын жоғалтыңқырап алды. Дегенмен оның орнын толтыруға болады. Бұл менеджердің әйгілі телеарналармен де жақсы байланысы бар деп ойлаймын. Яғни, Қанаттың ендігі кезекте әлем бойынша танымалдылығы артуы тиіс. Егер ол Қанатпен жұмыс істеуге келіссе, демек боксшының көптеген көрермен жинай аларына сеніп тұр. Өз кезегінде мұндай қадам арқылы Қанат та жақсы ақша таба алады. Қанаттың спорттық мансабында осындай жаңа бағыт басталғанына қуаныштымын. Ол осыдан екі-үш жыл бұрын чемпиондық титулдарға таласуды бастап кетуі тиіс еді. Мен осы үшін боксшыны талай сынап та жүрдім. Сөйтіп оның жанкүйерлеріне жақпай қалған кездерім де көп болды. Мұның бәрі әрине, спортшыға жан ашығаннан туындайды, – деген еді спорт маманы.

Бұған дейін боксшыға қолдау көрсетіп жүрген меценат Бауыржан Оспанов Қанаттың АҚШ-та бірнеше кездесу өткізетінін айтқан.

– Мен оның промоутері емеспін, бірақ білетінімдей, ақпан айының басында АҚШ-қа кетуі тиіс болған. Алайда белгілі бір себептермен біраз шегеріліп қалды. Бірақ сәуір айында АҚШ-та бір-екі жекпе-жек өткізеді. Енді ол чемпиондық титулдарға таласа бастайды, – деген болатын.

Өткен жылдың қараша айында WBA қазақстандық боксшыны чемпиондық титулға міндетті жекпе-жек өткізуі керек деп хабарлаған. Оның қарсыласы америкалық Джон Вера (18-0, 11 КО) болуы керек еді. Тараптар келіссөз жүргізген, алайда кейінірек Вера Исламның жекпе-жектен бас тартқанын мәлімдеді.

Қанат өзінің соңғы жекпе-жегін 2017 жылы  9 қыркүйекте Астанада канадалық Брэндон Кукты  (19-1, 12 КО) нокаутпен жеңіп, WBO NABO және WBA Inter-Continental атақтарын жеңіп алған болатын. Қазіргі сәтте Қанат бірінші орта салмақ бойынша бүкіләлемдік бокс ассоциациясының (WBA)
рейтингін бастап тұр.  Қытай ұлттық құрамасы сапында жүріп, 2008 жылы Бейжің олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2007 жылы Чикагодағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атақтарын иеленген Ислам, 2011 жылдан бастап Қазақстан туы астында өнер көрсетіп келе жатыр.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *