Күй тарланы — Бейсенбі Дөненбайұлы

Қазақ күй өнерінде Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің орны ерекше. Сол мектептің белді өкілдерінің бірі, XIX ғасырда өмір сүрген Бейсенбі Дөненбайұлы.

 Ол 1803 жылы Алтай аймағының Буыршын ауданы Оймақы ауылында туып, 1872 жылы қайтыс болған. Әділ билігімен, асқан домбырашы, сазгерлігімен танылған Бейсенбінің мұралары бізге толықтай жетті деуге болады.

14 жасынан бастап күй шығара бастаған ол күйшілігімен қатар әділ билігімен де елге танымал болған. 1836 жылы Алтайда Көгедай төреге көмекші ретінде төрт би сайланады. Сол төрт бидің бірі – Бейсенбі Дөненбайұлы болған. Оны ел-жұрты ерекше құрметтеп Бежең деп атап кетіпті.

Шертпе күй тармағына Байжігіттей терең үңілген сол заманның күйшілері көп. Осыдан болар, Шығыс Қазақстан, Алтай, Тарбағатай, Шұбартау, Семей т.б жерлерде осы күй мақамымен қанат жайған саңлақтар көп деуге толық негіз бар.

Алтай өңірін мекендеген, Байжігіттің шертпе дәстүрін ары қарай дамытқан, қазақ халқының қара қылды қақ жарған әділ биі болған, дарынды сазгер домбырашы, күйші Бейсенбі Дөненбай ұлы туралы айтар болсақ, әңгіме көп.

Бейсенбінің күйлері көбінесе, сарынының ескілігімен, әуезділігімен ерекшеленеді. Бежеңнің 150-ге жуық күйі, оның ішінде қырықтан астам әр түрлі атаудағы «Кеңес» күйлері бүгінгі күнге жетті дейді зерттеушілер.

Оның көп күйлерінің шыққан уақыты, шығу тарихы – өзі билік құрған кезеңдегі оқиғалармен байланысты өрбиді. Бежең күйлерін мазмұнына қарай кеңес күйлері, ат туралы күйлер, арнау күйлер деп үшке бөлуге болады.

Бейсенбі күйші Байжігіт бабасының күйлерін ойнап, тарихын айтып отыратын деген деректер халық ауызынан бүгінге жеткен.

1836 жылы аға сұлтан Құнанбай бастаған топ Алтайға барады. Оны күтіп алуға көп адам жиналып, үлкен кеңес құрады. Солардың ішінен, шешендігімен көзге ерекше түскен Бейсенбіні төбе би етіп тағайындап, ұлы жиналысты жалғастырады.

Сол Бейсенбі би адал да, ақылды, дүниеге кең көңілімен, ашық та парасатты мінезімен, әділ билігімен, Алтай қазақтарының адал да, әділетті көсемдерінің біріне айналады.

Бейсенбі билік айтарда қасиетті қара домбырасын өзіне ақылшы, жансерік етіп, халық ерекше ықыласпен қабылдайтын күй өнерін пайдалану арқылы шешімі күрделі дау-дамайға тура, әділ шешім жасап отырған.

Бейсенбі күйлері, негізінен шертпе күй мақамында. Өзіндік ерекшелік қол таңбасын қалдырған. Оң қолдың қағу түрлері, белгілі өлшемдегі такт түрлері күйдің соңына дейін сан алуан өзгеруінде. Бейсенбі күйлерінің ерекшелігі, бір-біріне ұқсамайтындығы.

Кеңес күйлері философиялық тақырыпқа құрылған болса, ат туралы күйлер өзіне серік болған, шашасына шаң жұқпас небір жорға мен жүйрік аттарының жүрісін суреттейді. Ал, арнау күйлері әр түрлі оқиғалар мен адамдарға арналғандықтан, болмысы жағынан да әр түрлі болып келеді.

Бейсенбі келелі кеңестерде сөз бастаған шешен де болғанын жоғарыда айттық. «Бас кеңес», «Кеңес басы», «Көк иірім кеңес», «Төрт бидің кеңесі», «Жай кеңес» сияқты 40-тай кеңес күйі, «Ала көз аттың жүрісі», «Көк шұбар аттың жүрісі», «Қара құлақ аттың жүрісі», «Майда қоңыр», «Майда жал» секілді 20 шақты атқа арналған күйлері бар.

Арнау күйлерінің ішінде «Айми», «Кербез сылқым», «Ажар», «Жеке батыр», «Екеуім-екеуім», «Танысаңшы» қатарлы күйлерінің орны ерекше.

«Тансаңшы» атты күйдің қысқаша тарихына тоқтала кетсек.

Сол заманның бір азаматы нағашы жұртына жаяу-жалпы келе жатса керек. Алдынан жер қайысқан қалың жылқы кезігеді, соны тамашалап келе жатқан жолаушыны ұры деп ойлаған жылқышылар, қол-аяғын матап би алдына әкеледі. Соны сезген Бейсенбі би домбырада, ұрымын деме, «Тансаңшы» деп күй төгеді, домбыра үнін түсінген жолаушы жігіт, «мен жолаушы қонақ едім» деп құтылған екен.

Бұл бір ғана мысал.

Кеңес күйлерінен басқа тақырыпты күйлері өте көп. Ерлік туралы, табиғат туралы, аң, табиғат, өмір туралы лирикалы күйлерімен, толғаулары көп кездеседі.

Бежеңнің лирикаға толы «Ажар» күйінің шығу тарихы былай болған екен.

Бейсенбінің қиыннан қиыстырып сөз табатын шешендігіне, күй ойнау ерекшелігіне құмар болған ағайын-туған жібермей, неше күндей қонақ етеді. Қазақ дәстүрінде ауылдың алты ауызын айтып, қонақ кәдесін алатындығы, қонаққа күй тарттырып, ән салдыруы бұлжымас дәстүр еді. Сол ауылдың Ажар атты қызы қонақтардың құрметіне ән арнап, сый көрсетіпті. Әнші қыздың бұлбұлдай сайраған үні, әдепке толы биязы қимылын домбыра күйіне салып, күйдің атын «Ажар» деп қояды.

Өскемен қаласындағы ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжінің жанынан 1995 жылдары құралған қазақ халық аспаптар оркестрінің алғашқы дирижері, ҚР-мәдениет қайраткері Т.Баяхов Бейсенбінің «Теңселме» күйін оркестрге түсіріп көрерменге тарту еткен екен. Күй көркем де, тартымды орындалады. Оркестр басталғанда сыбызғы аспабы (флейта) дәл күйдің аты айтып тұрғандай «теңселмеші-теңселме» деп басын бастап, қалған аспаптарда сайрап тұрғандай. Немесе, күй әуенінде адам тілін қайталауы дәлме-дәл күй авторы Бейсенбінің композиторлық ерекше дарын иесі екендігін көрседі.

Қазіргі Бежең күйлерінің 100-ге жуығы нотаға түсіріліп, Қытай халық Республикасындағы қандастарымыз кітап етіп шығарған. Қалған күйлерін екінші кітапқа дайындау үстінде.Жоғарыда айтылғандай әділ би, дарынды халық композиторы Бейсенбі Дөненбайұлының халқымыздың көне мұрасы – домбыра күйлеріндегі өрнектеріне тамсанып таң қалмасқа шара жоқ. Бежеңнің тікелей шәкірттері – балалары Қара Оспан мен Сыдықай, Оспанның ұлы Баттал, Қасен, Сайыпжамал.

Бейсенбі күйлерін XX ғасырға жеткізгендер Батталдың ұлы Ағзам, Сыдықайұлы Мұсылманқұл, немерелес туыстары Бекарыс Дікеұлы, Хамит Мақашұлы және т.б.

Осы кісілерден үйреніп, бізге жеткізгендер – Құлыби Құмаштайұлы, Тұрсын Кәдейұлы, Мүтәліп Әлімханұлы, Қыдырмолла Ақайұлы, Найманғазы Омарханұлы, Тайыр Белгібайұлы, Бақытхан Тағайұлы, Құсыман Сыдықұлы, Сымайыл Сыдықұлы, Дәулет Халықұлы, Айыпхан Қалиұлы, Қытан Көксегенұлы, Жұмжұма Жазиұлы, Сарқыт Иісқанұлы, Әшімхан Қайсаұлы, Сетерхан Нұрмұратұлы, Митхат Разданұлы, Казім Мәңкейұлы сынды күйшілер. .
Бейсенбі есімі әлі күнге дейін ел есінде. Әсіресе, өзі туып өскен Алтай аймағында Бейсенбіні еске алу шаралары жиі болып тұрады екен.

1997 жылы буыршын ауданында күйшіге ескерткіш орнатылды. Мұқтархан Самажанұлы «Бейсенбі би» атты роман жазды.

2003 жылы күйшінің 200 жылдығына орай Шинжияң автономиялы райондық әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің ұйымдастыруымен Буыршын ауданында оның күйлеріне арналған ғылыми-талқы жиналысы өткізілді.
Бежең күйлері қытай қазақтары арасында, Моңғолия, Шығыс Қазақстан өңірлерінде кеңінен тараған.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *